Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Судьялардың тәуелсіздігі – әділ сот төрелігінің негізі

Сот жүйесінің тәуелсіздігі – құқықтық мемлекеттің іргетасы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі. Судьялардың заңға және кәсіби сенімге негізделген шешім қабылдау құқығына қол сұғылмауы осы жүйенің басты қағидаты болып табылады. Бұл қағидат тек қана жеке тұлғалар үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды рөл атқарады, себебі нақты адамның тағдыры, халықтың мемлекетке деген сенімі судьялар қабылдайтын әділ шешімдерге байланысты.
Судьялардың қызметі белгілі бір принциптерге негізделеді: құзыреттілік, тәуелсіздік, объективтілік, ашықтық және адалдық. Құзыреттілік – сот шешімдерінің заңдылығы мен сапасының негізі. Судьялардың жоғары кәсіби деңгейі әділ сот төрелігін қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік – судьялар ешкімнің қысымына бой алдырмай, тек заң мен ар-ұжданға сүйеніп шешім қабылдауы тиіс дегенді білдіреді. Объективтілік, өз кезегінде, дауға қатысушы тараптардың ешқайсысының артықшылығы болмайтынын, шешім тек дәлелдер мен заңға негізделіп қабылданатынын көрсетеді. Ашықтық – қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыратын басты элементтердің бірі, ал адалдық – судьялардың өз міндеттеріне адал болуының белгісі.
Судьялар өздерінің шешімдерінің салдары қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Олар тек жеке адамның тағдырын шешіп қана қоймайды, сонымен қатар халықтың мемлекетке және құқықтық жүйеге деген сенімін қалыптастырады. Сот үкімін шығарған кезде атқарушы органдардың, жоғары басшылықтың, немесе басқа да сыртқы күштердің қысым көрсетуге құқығы жоқ екені – әділ сот төрелігінің бұлжымас шарты. Тәуелсіздік қағидатын бұзу тек нақты істің ғана емес, бүкіл сот жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді.
Сот төрелігі әділ болуы үшін жеке азаматтар, коммерциялық ұйымдар немесе мемлекеттік институттар арасындағы дауларда ешкімнің артықшылығы болмауы тиіс. Әділдік – теңдікке негізделеді. Судьяның бейтараптылығы – барлық тараптардың құқықтарын тең дәрежеде қамтамасыз етудің кепілі.
Қорытындылай келе, судьялардың заңға және кәсіби сенімге негізделген шешім қабылдау құқығына қол сұғылмауы – қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың мемлекетке деген сенімінің негізі. Бұл қағидат құқықтық мемлекеттің ажырамас бөлігі болып табылады және оны сақтау барлық қоғам мүшелерінің ортақ міндеті.

Дарын Төлеубай.

12:50
370
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.