Лудомания: Қоғамдық дертке қарсы күрес жолдары

Лудомания немесе құмар ойындарға тәуелділік — ХХІ ғасырдың ең өткір әлеуметтік мәселелерінің бірі. Бұл дерт адамның психологиялық, материалдық, әлеуметтік және отбасылық өміріне теріс әсерін тигізіп, оны құрдымға сүйрейді. Құмар ойындарға деген қызығушылық қарапайым әуестік ретінде басталып, уақыт өте келе тәуелділікке айналатыны жасырын емес.
Қазіргі таңда құмар ойындарға тәуелділік қарқынды түрде дамуда. Букмекерлік кеңселер, онлайн-казинолар және түрлі ойын платформалары жастарды ғана емес, ересектерді де өз тұзағына түсіруде. Қазақстанда букмекерлік кеңселердің бір күндік айналымы триллион теңгеге жетіп отыр. 2022 жылғы статистика бойынша елімізде 36 мыңнан астам адам ойынқұмарлықтан зардап шеккен.
Лудоманияның салдары тек материалдық шығынмен шектелмейді. Бұл дерт отбасылардың ажырасуына, қоғамдағы қылмыстық әрекеттердің көбеюіне және суицид фактілерінің артуына себеп болуда.
Психологтар мен дінтанушылардың айтуынша, құмар ойынға құмарлық жеңіл ақша табу мақсатымен басталады. Бір рет ұтылған адам, ұтылғанын қайтаруға тырысып, одан әрі қарызға белшесінен батады. Уақыт өте келе, бұл әрекет психологиялық тәуелділікке ұласып, адам өмірін толығымен өзгертеді.
Лудоманияға қарсы күрес кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Оған мыналар кіреді:
• Психологиялық көмек: Тәуелділерге арналған арнайы оңалту орталықтары мен психолог мамандардың көмегі;
• Тәрбиелік жұмыс: Жастар арасында түсіндіру шараларын күшейту, құмар ойынның зияны туралы кеңінен ақпарат тарату;
• Діни насихат: Ислам дінінде құмар ойындарға тыйым салынғандығын халыққа жеткізу;
• Заңнамалық шектеу: Құмар ойындардың қолжетімділігін азайту, әсіресе жастар арасында.
Жастардың санасын улап жатқан бұл дертке тек мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.
Құмар ойынға тәуелділікті жеңу — қоғамның дамуы үшін маңызды қадам. Сондықтан уақытты өткізіп алмай, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруіміз қажет.
Ұлжан Дәуренбекова,
ҚР Сот әкімшілігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің персоналды басқару бөлімінің басшысы.