Мемлекеттік қызметкерлерге арналған профилактикалық семинар өтті
Ұлытау облысында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне арналған семинар өтті. Іс-шараға жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу, қаржылық пирамидалар мен дроперлік схемаларға қатысудың салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, діни радикализмнің алдын алу, есірткіге қарсы іс-қимыл, қызметтік көлікті пайдалану тәртібі, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және заң талаптарын орындау мәселелері қарастырылды.
Жиында Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті штабының бастығы А. Құрбанов баяндама жасап, құмар ойындарға әуестік пен заңсыз қаржылық схемаларға қатысу азаматтарды қаржылық қиындықтарға, қарыздардың көбеюіне, отбасылық жанжалдарға және түрлі құқық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін екенін атап өтті.
Сондай-ақ ерте кезеңдегі профилактиканың маңыздылығына және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Семинар соңында қатысушылар профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасып, өзара сұрақ-жауап форматында талқылау жүргізді.