Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары, қадірменді жерлестер!

Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары, қадірменді жерлестер!

Баршаңызды Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қайта құрылған Ұлытау облысының 4 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

8 маусым – барша ұлытаулықтар үшін тарихи маңызы зор, жүректерге үміт пен сенім сыйлаған ерекше күн. 2022 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытау облысын қайта құру туралы шешім қабылдағанда, бұл жаңалықты ел болып зор қуанышпен қабылдадық. Өйткені бұл — тек әкімшілік өзгеріс емес, халқымыздың тарихи әділеттілікке деген үмітінің ақталған сәті еді.

Қасиетті Ұлытау – ұлт ұясы, ел тарихының алтын бесігі. Төрт жылдың ішінде өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып, көптеген маңызды бастамалар жүзеге асты. Инфрақұрылым жаңарып, жолдар жөнделіп, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаларда тың жобалар қолға алынды. Өңір экономикасына инвестиция тартылып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары ашылуда.

Әлі де атқарылар жұмыс көп. Себебі, Ұлытаудың әлеуеті зор, болашағы жарқын. Табиғи байлығы мен тарихи мұрасы, еңбекқор халқы мен жасампаз жастары өңірімізді өркендетудің берік негізі болмақ.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген білікті мамандар Ұлытаудың дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Бұл — өңірге деген сенімнің, болашаққа деген ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Біз бірлесе отырып, Ұлытауды заманауи әрі бәсекеге қабілетті өңірге айналдырамыз деп сенемін.

Қадірлі жерлестер!

Туған жерге жанашырлық танытып, өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген әр азаматтың еңбегі зор. Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз берік болса, алар асуымыз әлі алда.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Қасиетті Ұлытауымыздың мерейі үстем, келешегі кемел болсын!

Мереке құтты болсын!

Құрметпен, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

11:35
13
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.