Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

«Таза Қазақстан» – ортақ жауапкершілік: заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті

«Таза Қазақстан» – ортақ жауапкершілік: заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті

Таза әрі қауіпсіз орта – әрбір азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, қоғам алдындағы ортақ жауапкершілігі. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын орнықтыру – бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 2024–2029 жылдарға арналған Ұлытау облысының өңірлік іс-қимыл жоспары жүйелі түрде іске асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, тұрғындардың экологиялық санасын арттыруға, заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Осы мақсатта Ұлытау облысы Полиция департаменті облыс және қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп бес мобильді топ құрып, жыл басынан бері 306 рейдтік іс-шара өткізді. Сонымен қатар, әр аптаның сенбі күні тұрғындардың қатысуымен тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Учаскелік полиция инспекторлары халықпен кездесулер барысында қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындарды таза ұстау және әкімшілік жауапкершілік туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері 192 кездесу өткізілді.

Экологиялық мәдениетті насихаттау бағытында полиция қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясы аясында 85 бейнеролик әзірлеп, олар Instagram, Facebook, Telegram және TikTok әлеуметтік желілерінде жарияланды. Бұл жұмыстар қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

2024 жылғы 15 сәуірден бастап республика көлемінде өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында соңғы үш жыл ішінде Ұлытау облысында 744 рейдтік тексеру жүргізілді.

Рейдтік жұмыстардың нәтижесінде биыл облыс аумағында елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 2 081 дерегі анықталды. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 4 426 835 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оның 2 121 610 теңгесі өндірілді. Сонымен қатар, 21 құқық бұзушыға 880 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі:

1 967 дерек – Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым объектілерін бүлдіру, жасыл екпелерді жою немесе бүлдіру);

114 дерек – ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша (ортақ пайдаланылатын орындарды ластау).

Тек 2026 жылдың шілде айында ғана 365 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 356 дерек – ӘҚБтК-нің 505-бабы, 9 дерек – ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша тіркелді.

Қазіргі таңда құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жедел анықтау мақсатында цифрлық бақылау құралдары кеңінен қолданылуда. Облыс бойынша орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 73 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) арқылы заңсыз қоқыс орындарын анықтау және бақылау жұмыстары жүргізілуде.

Экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына эко-белсенділер, қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер мен белсенді азаматтар да тартылып келеді. Полиция нарядтары жеке секторларды, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, саябақтарды, демалыс орындарын және басқа да қоғамдық аумақтарды тұрақты бақылауда ұстайды. Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы құқық бұзушыларға тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

Заң бәріне ортақ. Қоғамдық орындарды ластау, қоқысты белгіленбеген жерге төгу, құрылыс қалдықтарын заңсыз орналастыру немесе абаттандыру қағидаларын бұзу – бұл тек мәдениетсіздік қана емес, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатын құқық бұзушылықтар.

Таза аула, таза көше, таза қала – бұл ең алдымен әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Сондықтан Ұлытау облысы Полиция департаменті тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады. Белгіленбеген орындарға қоқыс төгу немесе өзге де экологиялық құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда бұл туралы полицияға хабарлау – ортақ іске қосылған үлес.

«Таза Қазақстан» – бір реттік акция емес, қоғамның жаңа өмір салты. Заңға құрмет, тазалыққа жауапкершілік және туған жерге жанашырлық – өркениетті қоғамның басты қағидалары. Табиғатты қорғау – әркімнің міндеті, ал заң талаптарын сақтау – әр азаматтың парызы.

12:50
12
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.