Сайлаушы құқығы заңмен реттеледі

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар сайлау күні тұрақты тіркелген мекенжайынан тыс жерде болатын тұрғындардың дауыс беру құқығын жүзеге асыру тәртібі заңнамамен реттелген.
Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, егер сайлаушы дауыс беру күні өзінің тұрақты тіркелген мекенжайында болмайтынын алдын-ала білсе, ол дауыс беру күніне 30 күн қалғанға дейін өзі болатын өңірдің әкімдігіне өтініш беріп, сол жердің сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
Ал белгіленген мерзімде өтініш бере алмаған адам 7 тамыздан бастап тұрақты тіркелген сайлау учаскесінен есептен шығару куәлігін алып, басқа облыстағы сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы да алуға болады және мұндай сенімхатты нотариатта куәландыру талап етілмейді. Есептен шығару куәліктері 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі. Сондай-ақ жоғалған есептен шығару куәлігінің орнына түпнұсқа берілмейді.