Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Ұлытауда интернет-алаяқтық пен дропперлікке қатысты өзекті мәселелер талқыланды

Ұлытауда интернет-алаяқтық пен дропперлікке қатысты өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Тергеуші жауап береді: өзекті құқықтық сұрақтарға жауаптар» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шара барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, азаматтарды заңсыз схемаларға тарту және банк шоттары мен карталарын құқыққа қайшы мақсатта пайдалануға байланысты мәселелер көтерілді.

Брифинг спикері Тулеубаев Азамат Айдынұлы қазіргі таңда алаяқтардың телефон қоңыраулары, мессенджерлер, әлеуметтік желілер және банк қосымшалары арқылы азаматтарға әсер етудің түрлі тәсілдерін қолданатынын атап өтті.

Кең таралған схемалардың бірі – өзін банк қызметкері, полиция немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматқа оның атына несие рәсімделіп жатқанын немесе шотында күдікті операция болғанын хабарлау. Алаяқтар көбіне адамның қорқынышы мен асығыстығын пайдаланып, SMS-кодты айтуды, бөгде қосымша орнатуды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді.

«Полиция қызметкерлері азаматтардан ақшаны қауіпсіз немесе резервтік шоттарға аударуды талап етпейді. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ақпаратты тиісті мемлекеттік органның немесе банктің ресми байланыс арналары арқылы өз бетінше тексеру қажет», – деді спикер.

Брифинг барысында күмәнді сілтемелерден сақ болу, банк картасының деректерін, PIN, CVV кодтарын, SMS арқылы келетін растау кодтарын және банк қосымшаларына кіру мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар спикер азаматтарды дропперлікке байланысты қауіптерден сақтандырды. Интернетте «оңай жұмыс» немесе жоғары табыс ұсынатын хабарландырулар кездеседі. Мұндай жағдайда азаматтан банк картасын немесе шотын беру, басқа адамдардың ақшасын қабылдау және оны әрі қарай аудару сұралуы мүмкін.

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 232-1-бап қолданысқа енгізіліп, заңда көзделген жағдайларда құқыққа қайшы схемаларда пайдаланылатын банк шоттары мен төлем құралдарына байланысты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Сондай-ақ брифингте қылмыстық жауапкершілік жасы туралы түсіндірме берілді. Жалпы ереже бойынша Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ал Қылмыстық кодекстің 15-бабының екінші бөлігінде көрсетілген жекелеген қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жастан туындайды. Мошенничество, яғни ҚК-нің 190-бабында көзделген қылмыс, бұл тізімге кірмейді.

Егер азамат алаяқтардың құрбаны болса, уақытты жоғалтпай банкке хабарласып, қажет болған жағдайда картаны және банк қосымшасына қолжетімділікті бұғаттап, полицияға жүгінуі қажет. Сонымен қатар алаяқтармен болған хат-хабарларды, телефон нөмірлерін, сілтемелерді, дауыстық хабарламаларды және банк операциялары туралы құжаттарды сақтаған жөн.

Брифинг соңында азаматтарға қаржылық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары еске салынды: белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармау, банк картасын және банк қосымшасына қолжетімділікті басқа адамдарға бермеу, күмәнді жұмыс ұсыныстарына келіспеу және қандай да бір күдік туындаған жағдайда ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеру.

Басты қағида – қаржылық шешімдерді қысыммен қабылдамау. Мамандар азаматтарды интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы жақындарына, әсіресе балалар мен қарт адамдарға түсіндіруге шақырады.

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

16:45
15
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.