Газета Жезказганский вестник Газета Жезказганский вестник

Самая актуальная и достоверная информация о жизни города!

Ұлытау облысында жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Ұлытау облысында жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

2026 жылғы 8 қазанда Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңіндегі өрттің алдын алу» тақырыбында брифинг өтті. Брифинг спикері – Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ермек Сералиевич Исмаилов.

Өткен 2025–2026 жылдардағы жылыту кезеңінде Ұлытау облысының жеке тұрғын үй секторында 45 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан адам өлімі болған жоқ, екі адам жарақаттанып, үш адам құтқарылды.

Осындай төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті 2026 жылдың тамыз айының басында облыс аумағындағы тұрғын үй секторында 2026–2027 жылдардағы жылыту кезеңінде өрттің алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Профилактикалық жұмыстар 15 тамызда басталды және үш кезең бойынша жүргізілуде.

Бірінші кезең аясында, 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында, облыс аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өткізілді. Іс-шараларға азаматтық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның және әлеуметтік қорғау қызметтерінің қызметкерлері, сондай-ақ «Жастар қанаты», «Бірлік» волонтерлері мен «ҚазГазАймақ» өкілдері қатысты.

«Әр үйге қауіпсіздік» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын жеке тұрғын үйлерді толық қамтуға басымдық берілді. Мамандар үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті көмекті анықтады. Тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, өрт туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі, сондай-ақ улы газды анықтайтын датчиктерді орнату және пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Облыс аумағында қатты отынмен жылытылатын 8 651 жеке тұрғын үй бар. Онда шамамен 30 202 адам тұрады. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын, пешпен жылытылатын үйлердің саны 278-ді құрайды. Өткен жылыту кезеңінде мұндай үйлердің саны 337 болған. Осылайша, олардың саны 59 үйге азайған.

Атап айтқанда, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын үйлердің 125-і Жезқазған қаласында, 30-ы Қаражал қаласында, 85-і Жаңаарқа ауданында және 38-і Ұлытау ауданында орналасқан. Сәтбаев қаласында мұндай үйлер тіркелмеген.

15 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі екінші кезеңде аталған санаттағы тұрғын үйлерді қайталап аралау жұмыстары жүргізілуде. Жылыту кезеңі басталғалы жүргізілген аралау барысында алты үйден өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталып, барлық кемшілік үй иелері тарапынан жойылды.

Қазіргі уақытта азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері облыс бойынша 705 жеке тұрғын үйді профилактикалық аралаудан өткізіп, 6 218 тұрғынды қамтыды. Тұрғындарға жылыту пештері мен электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары көрсетілген жадынамалар таратылды.

Сонымен қатар, тұрғын үйлерде улы газ бен түтінді анықтайтын барлығы 271 датчик орнатылды. Оның ішінде 241-і – улы газды, 30-ы түтінді анықтауға арналған.

Үшінші кезең 2026 жылғы 15 қазанда басталып, жылыту кезеңі аяқталғанға дейін, алдын ала 2027 жылғы 20 сәуірге дейін жалғасады. Бұл кезеңде қалыптасқан өрт жағдайын ескере отырып, профилактикалық жұмыстармен қамтылатын пешпен жылытылатын жеке тұрғын үйлерді аралау жалғасады.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды жылыту пештерін және электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, мұржаларды уақтылы тазалауға, пештерді қараусыз қалдырмауға және улы газдың алдын алу құралдарының жарамдылығын тексеруге шақырады.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – адам өмірі мен тұрғын үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты.

15:05
15
Используя этот сайт, вы соглашаетесь с тем, что мы используем файлы cookie.